ӨСІМДІК ҚОРҒАУ САЛАСЫНЫҢ МАЙТАЛМАНЫ – АКАДЕМИК ЖҰМАБАЙ ДІЛМАҒАМБЕТҰЛЫ ИСМҰХАМБЕТОВ ӨМІРДЕН ОЗДЫ...
Жұмабай Ділмағамбетұлы 1937 жылдың 7 желтоқсанында Орынбор облысы, Будамша ауылында дүниеге келген.
Жұмабай Ділмағамбетұлы 1960 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтының өсімдік қорғау саласы бойынша агрономиялық факультетін (қазіргі ҚазҰАЗУ) бітірген алғашқы түлектердің бірі. Сталиндік стипендиат.
Институттың негізін қалаған ғалымдардың бірі. Еңбек жолын Қазақ өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтынан бастап осы жерде 60 жылға жуық еңбек етті. Аспирантураның күндізгі бөлімінде (1962-1964 жж.) оқып, аға ғылыми қызметкері (1965, 1976-1980 жж.), институт хатшысы (1966-1968 жж.), директордың ғылым жөніндегі орынбасары (1969-1976, 1992-2004 жж.), энтомология, майлы дақылдарды қорғау бөлімдерінің меңгерушісі (1980-1992 жж.) болып жұмыс атқарған. 2017 жылдың аяғына дейін бас ғылыми қызметкер болып жұмыс жасады.
1966 жылы Қазақ мемлекеттік ауыл шаруашылық институтында кандидаттық диссертациясын қорғады. 1990 жылы Ленинград қаласында Бүкілодақтық өсімдік қорғау ғылыми-зерттеу институтында докторлық диссертациясын табысты қорғады. Жергілікті ғалымдар арасында ауыл шаруашылығы энтомологиясындағы алғашқы ғылым докторы.
1992 жылдың маусымында Қазақ ауылшаруашылық ғылым академиясының корреспондент мүшесі болып сайланды. 1996 жылы профессор ғылыми атағы берілді. Сол жылы Ұлттық Ғылым Академиясының мүшесі болып, 2003 жылдың соңында ҚР ҰҒА толық мүшесі (академик) болып сайланды.
Елімізде қант қызылшасын, оның тұқымдықтарын, мақта, темекі, күнбағыс, қытайбұршақ, рапс пен мақсарыны негізгі зиянкестерден қорғауға арналған кешенді жүйелер әзірледі. Қазақстанның солтүстік және батыс аймақтарындағы сақтау кезіндегі астық қорларын қорғау шараларын жетілдірді.
КСРО халық шаруашылығының жетістіктер көрмесінің қола медалімен (1972), Құрмет грамоталарымен және «Еңбек ардагері» медалімен (2022 ж.) марапатталды. Аграрлық ғылым саласындағы академик А.И. Бараев атындағы сыйлық лауреаты атанды.
Орман және орман екпелерінің, ауылшаруашылық дақылдарының, астық және оның өнімдерінің зиянкестерi мен карантині бойынша 260 ғылыми мақалалары жарияланды, сонымен қатар монографиялар «Тянь-Шань шыршаларының зиянды жәндіктері және олармен күресу тәсілдері» (1976), «Қазақстандағы қант қызылшасының зиянкестері және егістіктерді олардан қорғау» (1993), «Жәндіктер және кенелер — Қазақстандағы техникалық және майлы дақылдардың зиянкестері» (2015), «Астық қоймалары мен астық өнімдерінің зиянкестері және олармен күресу шаралары» (2016); сондай-ақ «Қазақстандағы қант қызылшасының басты зиянкестерінің анықтамасы» (1977), екі шолу, авторлық куәлік, патент және 17 ұсынымдар жарық көрді. «Өсімдік қорғау анықтамалығы» (2004) мен «Өсімдік қорғау бойынша орысша-қазақша сөздіктің» негізгі авторларының бірі.
Ж. Д. Исмұғамбетов жетекшілігімен 4 ғылым кандидаттары дайындалды. Институттың еңбек ұжымы кеңесінің төрағасы, төрт шақырылған ауылдық кеңес депутаты болып сайланды.
Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ғылыми зерттеу институты ұжымы атынан Ж.Д. Исмұхамбетовтың отбасын мен туған-туыстарына қайғыра көңіл айтамыз.